Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастық форумына тіркеу басталды
Алда болатын Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастық форумының ресми сайтында тіркеу басталды. Шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен ұйымдары, іскерлік орта өкілдері қатысуға шақырылады. Жеке және ұжымдық өтініштер қабылданады. Анкетаға ұйымды, папорт деректерін жазып, фотосурет қосу, сонымен қатар форум аясында өтетін бір немесе бірнеше іс-шара таңдау қажет. Ресей мен Қазақстанның жиырмасыншы форумы 26-27 қарашада Уфада өтеді және екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа арналады. Өтетін орын ретінде Күрес сарайы таңдалды. Форумның алаңдарында панельдік сессиялар, В2В-кездесулер, музыкалық, гастрономиялық және спорттық фестивальдер, сән көрсетілімі, халық шаруашылығының жетістіктері көрмесі, жас көшбасшылар форумы өтеді. Сонымен қатар Ресей және Қазақстан басшыларының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс жоспарланған. Форумды ұйымдастырушылар ретінде Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігі, Башқұртстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі аталады.