Башқұртстан Республикасы іскерлік, туризм, мәдениет және спорт салаларындағы тартымдылығын қарқынды арттырып жатыр. Республика өмір сапасы жағынан Ресей өңіріндегі алғашқы жиырма елдің қатарына кіреді, инвестклимат жағдайының ұлттық рейтингінде (2023 жылғы) үшінші орында тұр. 2023 жылдың 11 айында Башқұртстанға жол тартқан туристердің саны 18,8% артып, екі миллионнан аса адамды құрады. Бұл елдегі ВФО арасында – 3, ал елде 13-орын.
Уфаның конгресс астанасы беделіне ие болуы заңды әрі ол жүйелі түрде федералдық және халықаралық деңгейдегі ірі іс-шаралар алаңына айналып келеді. Тек бірер мысал келтірейік. Уфада 2023 жылы өткен бизнес аптасына 23 елден 6300 адам жиналды. 300 мыңнан астам адам 2021 жылы Башқұртстанда өткен Дүниежүзілік фольклориада шарасына қатысты. 2023 жылы маусым айында есік ашқан Ресей мен Беларусь өңірлерінің X форумына да қызыққандар көп, оған екі елдегі 60 өңірден 4,5 мың адам барды. Ал бір апта бұрын Башқұртстан астанасында мемлекет басшысы Владимир Путиннің қатысуымен "Ресей – спорт державасы" халықаралық форумы өтті.
Алда болатын форумды да барынша өткізіп алмауға тырысу керек, өйткені ол өте қызық болады және өңірдің өз тартымдылығын тағы дәлелдеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен, Башқұртстан Қазақстанға (тек ол емес) несімен қызық және Ресей-Қазақстан форумына не үшін бару керек? Жауап береміз.
Бірінші себеп
2024 жылғы алғашқы жеті ай қорытындысы бойынша Башқұртстанның ТМД елдерімен арадағы тауар айналымы экспорттың 78 %-ын құраған. Атап айтқанда, Қазақстанмен сауда қызып тұр, 2023 жылдың 11 айындағы нәтижеге сәйкес Башқұртстанның сыртқы сауда айналымының (ССО) көлемі бойынша Қазақстан үшінші орын алды.
Форумда Ресей мен Қазақстанның өзара серіктестік қатынасын кеңейтуге арналған бірқатар іскерлік кездесу және сессиялар өтеді.
Екінші себеп
Башқұртстан халық кәсібі саласында қызмет етіп жатқан кәсіпкерлер саны жағынан елде көш басында тұр. Он саусағынан өнер төгілген шеберлер 2023 жылы ақпанда Үндістанда өткен Халықаралық ұлттық кәсіп және тоқыма өнері көрмесінде, 2024 жылдың тамызында Санкт-Петербургте болған Башқұртстан күндерінде, Мәскеуде ХШЖК-де өткен "Ресей" Халықаралық көрме-форумында қатысушылардың көңілінен шығып, жүрегінен орын алды.
Ресей-қазақ форумы аясында Ресей мен Қазақстанның халық-көркемөнер кәсіптеріне арнап бүтін бір павильон бөлінеді. Мұнда халық өнерінің аса бай әлемінің тереңіне бойлап қана қоймай, осы саланың экономика тұрғысынан түйісетін жерлерін де аңдауға болады.
Үшінші себеп
Алда болатын форумдағы экспозициялардың бірі Ресей мен Қазақстан өңірлерінің машинажасау кешеніне арналады. Башқұртстан бұл сегментте ел ішінде алдыңғы қатардан орын алған. Өңір автобетонсорғы, тіркеме мен жартылай тіркеме, спортқа және серуенге арналған кеме өндірісі бойынша алда келеді, қозғалтқыш, тікұшақ және басқа көптеген техника өндіреді.
Төртінші себеп
Этника қашан да сәнде. Форумға Ресей мен Қазақстандағы үздік дизайнерлер, сәнгерлер және киім брендтері қатысады. Олар сән мен ғасыр бойы маңызын жоғалтпаған дәстүрлерді үйлестіретін су жаңа топтамаларын көрсетеді. Стильді, сәнді, әсем әрі ата-баба рухына тағзым!
Бесінші себеп
Башқұрт балы, чак-чак, казылык, бешбармақ және башқұрт халқының басқа да тағамдары біздің елде ғана емес, одан тыс та танымал және көп адам сүйіп жейді. Форум шеңберінде өтетін гастрофестивальде Башқұртстанның гастрономиялық әлеміне еніп, Ресей мен Қазақстанның алуан түрлі тағамдарынан дәм татуға болады. Қонақтарды ұлттық тағам дайындау бойынша шеберлік сағаттары, тәттілер фестивалі, астан дәм тату күтеді.
Алтыншы себеп
Өнерді жоғары бағалайтындар үшін форум аясында "Халықтар достығының дауысы" музыкалық фестивалі болады. Байқауға Ресей мен Қазақстанның әр өңірінен әртістер қатысады. Олардың қатарында Башқұртстанның үздік орындаушылары бар. Бұл олардың "жанды" дауысын тыңдап, шын бағасын беру үшін тамаша мүмкіндік.
Жетінші себеп
Башқұртстан спорт дәстүрімен де әйгілі. Еліміздің спортшылары түрлі олимпиада, чемпионат, сондай-ақ бүкілресейлік және халықаралық турнирлерде талай топ жарды. Ресей мен Қазақстан форумында да спорттық шара өтеді. Баскетбол, бокс, күрес және хоккей жарыстарында спорттың қызығына беріліп, керемет эмоция алуға болады.
Сегізінші себеп
Басында атап өткендей, Башқұртстанға келетін туристер саны қарқынды артып келеді. Бұл таңғаларлық жайт емес, өйткені республика тиуристік тартымдылығын арттыруға білек сыбана кірісті. «Шульган-Таш» қорығы, таушаңғы курорттары, өзенде сал ағызу, этно және гастротурлар Ресей мен алыс-жақын шетелден турист тартады. Бұған елдегі көшпенділер өркениетін зерттейтін аса ірі тарихи-мәдени орталыққа айналатын Еуразиялық көшпенділер өркениеті музейін, су жаңа «Салауат ере» жаңа музей кешенін қосыңыз... Бұл басы ғана. Ал алда сізді республика аумағындағы ұзақ әрі естен кетпес саяхат күтеді, сонда осы қонақжай өлкеге қайта оралғыңыз келетіні анық!
Тоғызыншы себеп
Жастар арасынан шыққан 300 көшбасшы Ресей-Қазақстан съезі аясында өтетін жастар форумында тәжірибе алмасады. Ресей мен Қазақстанның әр өңірінен жиналған студенттер, волонтерлер, ұйым басшыларын мазмұнды пленарлық сессиялар, семинарлар және шеберлік сағаттары күтеді.
Оныншы себеп
Форум өтетін орын ретінде Уфадағы Күрес сарайы таңдалды. Өткен жазда ашылған бұл бірегей объект күреске арналған әлемдегі ең ірі орындардың бірі саналады. Ол сәулетті пішінімен, көп функциялы болуымен таңдай қақтырады, мұнда жаттығу залдары, бассейн, медицина орталығы, қонақ үй бар. Одан бөлек Күрес сарайында іскерлік және мәдени іс-шаралар өткізуге болады. Атап өтерлігі, биыл қазанда дәл сонда "Ресей – спорт державасы" форумы өткен болатын.