Жаңалықтар

Уфада өтетін халықаралық форум Башқұртстан мен Қазақстан ынтымақтастығына жаңа мүмкіндіктер ашады

Қазақстан Республикасы Башқұртстанның сыртқы тауар айналымында 3 орында тұр. Бүкіл экспорт көлемінің 90%-ға жуығын шикізат емес, энергетикалық емес экспорт құрайды. Негізгі экономикалық қозғаушы күші газ бен мұнай саналатын аумақ үшін бұл оғаш қана емес, расымен әдеттен тыс жағдай.
Дәстүрлі түрде Башқұртстаннан Қазақстанға химиялық өнеркәсіп өнімдері, сүрек, мұнай өндірісінің жабдықтары, металл және содан жасалған бұйымдар жол тартады. Көршілер бізге машинажасау саласының тауарларын, азық-түлік, химя және металлургия өнімдерін жібереді. Ең таңғаларлық жайт – мұнай-газ секторындағы кәсіпорындар да жерден қазып алған заттарын емес, жергілікті кен игеретін компанияларға арналған технологиялары мен жабдықтарын бөліседі.
Екі ел бірлесе жүзеге асырып жатқан жобалар арасында Қазақстанда Орал серіппе зауытының өндіріс алаңының құрылысы бар. Мұнда Түркияға, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспортталатын теміржол вагондар мен локомотивтердің құрамдас бөлшектері жасалады. Инвестиция көлемі 500 миллион рубль шамасында болады.

Басқа альянс үлгілері де бар, мысалы, медициналық жиһаз және жабдықтар шығару немесе Жаңаөзенде газ өңдейтін зауыт салу. Бұл тек басы сияқты. Башқұртстан басшысы мен Қазақстан Президентінің биыл қаңтарда өткен ресми кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық әріптестікте Башқұртстан ерекше орын алатынын атап өтті.
– Біз индустрия, агрокәсіп кешенінде, гуманитарлық саладағы байланысымызды әртараптандыру үшін барынша күш салып жатырмыз. Осы байланыстың болашағы зор деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Дәстүрлі түрде Қазақстан мен Башқұртстан етене жақын қызмет етіп келеді. Біз экономикаларыңыз бен әлеуметтік саладағы мықты қырларыңызды білеміз.
Өз кезегінде Башқұртстан басшысы Радий Хабиров екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың басым тұстарын атады.
– Өнеркәсіп кооперациясы бағытында белсенді іс атқару маңызды. Біз Қазақстанда өндіріс орындарын ашып жатқан Башқұртстан кәсіпорындарының саны артқанын көріп отырмыз. Біз осы сапар аясында талқылайтын ұсыныстар ішінде компанияларымыздың жаңа инвестициялық бастамалары да бар, – деп хабарлады Радий Хабиров. – Ең бастысы, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қолдауыңыздың арқасында біз Қазақстанға Башқұртстанды, ал Башқұртстанға Қазақстанды жан-жақты танытып жатырмыз.
Екі халықтың дос болуға осыншалықты ұмтылуын түп тамыры қола дауірінде жатқан ортақ этникалық байланыспен немесе сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан тату көршілік дәстүрлерімен, не болмаса, екі аумақтың қаржылық тұрақтылығының кепілі де, тауқыметі де болған карма шеңберінен шығуға деген ұмтылысымен түсіндіруге болады.
Қазақстанда мұнай өндіру ісі XIX ғасырда, яғни Иран, Кувейт, Мексика, Норвегия, Сауд Арабиясынан әлдеқайда ерте бастау алған. Башқұртстандағы алғашқы кен орны сонау 1932 жылы анықталды. Содан бері білім беру және кадр дайындау жүйесі, ауыр машинажасау, химия саласы, республика бюджетін толтыру механизмдері көп жағдайда мұнай-газ саласына негізделді. Экономиканың шикізатқа жатпайтын салалары, жасанды интеллект жүйелері және трансұлттық логикалық шешімдер белең ала бастаған XXІ ғасырдың екінші тоқсанында "мұнайға иек артуды" доғару өмірлік маңызға ие қажеттілікке айналып барады.

Башқұртстан делегациясының Қазақстанға сапары ғылым, өнеркәсіп, көлік және білім кооперацияларына орасан зор өзгеріс әкелді. Ол кезде бизнес-форумға 1000-ға жуық адам қатысқан, соның ішінде Қазақстанның 400 кәсіпорны мен Башқұртстанның 74 кәсіпорны болды. Съезд шеңберінде 400 іскерлік кездесу өтіп, нәтижесінде тараптар 120-дай келісімге қол қойды. Олардың бәрі Башқұртстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңарған жол картасына енді.

26-27 қарашада Уфада өтетін Ресей мен Қазақстанның XX өңіраралық ынтымақтастық форумы да маңызды шара болуға тиіс. Бұл мемлекеттік басқару органдарының өкілдері қатысатын В2В-кездесулерге арналған бірегей алаң. Ресей мен Қазақстанның халық шаруашылығы жетістіктерін көрсететін екі ел экспозициясында Башқұртстан Республикасының өнімдері де ұсынылады. Жас көшбасшылардың "Ресей мен Қазақстандағы жастар кәсібі: тәжірибе алмасу және серіктестіктің болашағы" деп аталатын форумында ортақ бастамалар көтеріп, тәжірибе алмасу үшін 300 қатысушы бас қосады.

Қысқаша айтқанда, республикалардың өкілдері агроөнеркәсіп кешені, машинажасау, химия, тамақ, мұнай өнеркәсібі, ғылым саласы сияқты көптеген бағыттағы ынтымақтастықты талқылау, бірегей құзыреттерді қалыптастыруға және ең жоғары әлемдік стандарттар бойынша бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға мүмкіндік беретін өзара қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге шығару үшін жиналады. Осылай ғана экономиканың мұнай-газ секторына тәуелділіктің карма шеңбері – сансарадан шығу мүмкін болады.
2024-11-21 19:48